Рейтинговые книги
Читем онлайн Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев

Шрифт:

-
+

Интервал:

-
+

Закладка:

Сделать
1 ... 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22

Жұмағали үндемей қалады.

Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басады) Шолпан! Тағы біреу бар ма?

Шолпанның дауысы. Горкомстройдың бастығы қабылдауыңызды сұрап отыр.

Әкім. Ол не ғыл дейді?

Шолпанның дауысы. Білмеймін. Жұмыс бабымен дейді.

Әкім. Жарайды, кірсін. Сосын бізге шай әкеп берсең – таңдай кепті.

Кабинетке егде тартқан адам кіреді.

Горкомстройдың бастығы. Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғары шық! (алдындағы орындықты нұсқайды) Отыр. Сөйле.

Г. Бастығы. Менің ісім —әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспары жөнінде. Жоспар тым үлкен.

Әкім. Жоспарды кемітпейміз. О жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ.

Г. Бастығы. Жақсы. Онда менің бір ұсынысым бар. Қаланың қақ ортасында, Әуезов көшесінде бір бес қабатты ғимарат тұр. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, сол үй қаңырап есік-терезесінен айырылып қалған. Астыңғы қабатында асханамен дүкен болған. Ол ғимарат осы күнге дейін қаланың балансында тұр. Егер сол үйді қатарға қоссақ, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспарын толық орындауға болушы еді.

Әкім. Ол үшін не қажет?

Г. Бастығы. Қаржы керек. Көп емес – он миллион теңгеге жуық. Міне – смета бар. Біздің специалисттер ол үйді зерттеп шықты. (сметаны әкімге береді)

Әкім. (сметаға көз тастап, кекете сөйлеп) Он миллион! Шынында да көп емес екен! Оны қайдан алмақпын?

Г. Бастығы. Жаңа үй салуға бөлінген қаржыдан алуға болады.

Әкім. Жоқ, болмайды. Ол заңсыз. Жаңа үй салуға бөлінген қаржы жаңа үй салуға жұмсалу керек.

Г. Бастығы. Онда қалалық бюджеттен бөліңіз. Міне, қараңызшы… (әкімге тағы бір қағаз ұсынады) Ол үй іске қосылғаннан кейін тек бірінші қабатын саудагерлерге жалға беруімен ғана жылына бюджетке он екі миллион теңге қаржы түсіп отырады. Ал қалған төрт қабаты әлеуметтік пәтерлердің жоспарын толтырады.

Әкім. (біраз ойланып отырып) Жарайды. Мына қағаздарды мен алып қалайын. Бұл мәселе жөнінде мен әкімшіліктің қызметкерлерімен ақылдасармын.

Горкомстройдың бастығы кетеді. Шолпан шай әкеліп әкім мен оның орынбасары шай ішуге кіріседі.

Шолпан. Қабылдау бөлмеде тағы екі кісі отыр.

Әкім. Ол екеуің кім?

Шолпан. Біреуі біздің молда. Ал екіншісі Васильев.

Әкім. Онысы тағы кім еді?

Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.

Әкім. Оған не керек?

Шолпан. Білмеймін. Әйтеуір сізге жұмысым бар дейді.

Әкім. Жақсы, әуелі имамға кірсін де. Бірақ бес минуттан кейін – мына шәйімізді ішіп алайық.

Шолпан кетеді.

Әкім. Молдекеңе не керек?

Жұмағали. Әлгі бітпейтін мешіттің жыры да! Одан басқа не дейсіз.

Әкім. Ол мешітке не болып еді?

Жұмағали. Кезінде қабырғалары көтеріліп, сосын күмбезін жабуы мен ішкі жұмыстарына жиналған қаржы жетпей іске қосылмай қалған. Одан бері міне он бес жылдан да асып кетті.

Әкім. Қаржы жеткілікті жиналмай жатып құрылысты неге бастаған?

Жұмағали. Қайдан білейін… білгіштердің сөзіне қарағанда қаржы жеткілікті жиналған, бірақ көрінгеннің қалтасында кеткен. Кім білсін, қалай болғанын, біздің қазақтан не шықпайды. Тек қана содан бері сол мешіт көзге түрткі болып тұр. Қаладағы христиандардың неше түрлі шіркеулері жұмыс істеп тұрғанда мешіттің мына мүшкіл жағдайы намысқа тиіп-ақ тұр. Сіздің алдыңызда болған әкімдер «мешітті пайдалануға береміз» деп ант-су ішкенімен ештеңе тындыра алмады. Біреуі тіпті орталықтан жаңа мешіт салдыратын да болған. Ақыры өзі кетіп тынды.

Есік ашылып имам кіреді.

Имам. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи, уа баракатуһ!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, ақсақал. (имам отырады)

Жұмағали. Сіз не – тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?

Имам. (күрсініп алып) Әрине. Ол мәселе шешілмей маған жарық күн жоқ.

Әкім. Ақсақал, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен мен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып артып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.

Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.

Әкім. Иә, мен мұсылманмын! Әлбетте! Ал мен сияқты өздерін мұсылман санайтын қазақ аз ба? Бағана осында сөйлеген бір журналисттің дерегі дұрыс болса, осы қаланың қырық пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?

Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.

Әкім. Алпыс мыңның қырық пайызы қанша болады?

Жұмағали. М-м… (сәл ойланып) Жиырма төрт мың.

Әкім. Мінеки – қалада жиырма төрт мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?

Имам. Сол жиырма төрт мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.

Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты. Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін қояқ қой!

Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ онда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.

Әкім. Жақсы, сонымен мәселенің барлығы мешітке тіреліп тұр ғой? Солай ма?

Имам. Иә, солай.

Әкім. М-м… Өзі зекет деген болмаушы ма еді?

Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.

Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз ол жұмыспен де айналыспайсыз.

Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын? Кім мені тыңдайды?

Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.

Имам. (басын төмен түсіріп қызарып кетіп) Жақсы болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы деген қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?

Жұмағали. Ақсақал, оларды да кіналауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол ақша қайда кетті?

Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!

Имам. (ауыр күрсініп) Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам – Алла оңдыртпасын. Және де со кезде мен имам емес – қатардағы мұсылман едім.

Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң «мен сол ақшадан бір тиын да алмадым» дейді.

Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?

Имам. Нақты қанша керек екенін мен білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін жабу керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін құру керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек…

Әкім. Ойбой ақсақал, «керекті» көбейтіп жібердіңіз ғой!

Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Ол комиссияға бір-екі прораб пен экономистті кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.

Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.

Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз – маған командировкаға кету керек. (әкімге қадалып бір қарап алады, әкім «түсіндім» дегендей басын изейді) Одан да бұл жұмысты манағы горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.

Әкім. Жақсы. Онда оған тапсырма бер менің атымнан. (имамға) Ал қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сіздің алдыңызға қоятын бір шартым бар.

1 ... 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22
На этой странице вы можете бесплатно читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев бесплатно.
Похожие на Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев книги

Оставить комментарий